Университет – өркениеттілік өлшемі
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 23-53-92
  • 01 желтоқсан 2022
  • 1294

Университет – өркениеттілік өлшемі

Білім  алып, лаборанттан проректорлыққа дейінгі  өмір жолынан өткен төл университетіме биыл – 85 жыл.

«Алаштың анасы атанған Сыр бойының» даму тарихын университеттен бөліп қарай алмаймыз. Өйткені, университет өркениеттілік өлшемі.

Өркениет – байлық, жалған сыпайылық, кез келген құмарлықты қанағаттандыру және нәпсінің азғындығына салыну емес. Ол – көңіл байлығы, рух нәзіктігі, терең парасаттылық пен өзгелерге деген құрметтен туады.

Ал шынайы өркениет – ғылым мен адамдықтың әрқашан жоғары деңгейінде орын алатын құбылыс.

Ғылым мен білімге, өнегелілік пен игілікке сүйенбеген, ақыл мен ар-ождан бұлағынан сусындамаған өркениет – адамзаттың бақытына емес, болашағы ұзаққа бармайтын өз жеке бас мүдделерінен аса алмай жүрген топқа ғана қызмет ететін уақытша жағдай.

Ал, адам баласы үшін шынайы өмірдің мәні ғылым-білімді игеруге байланысты. Әрқайсымыздың іс-әрекетіміздің, қорытынды-шешімдеріміздің дұрыстығы оның ақыл-ой мен қисынға қаншалықты сәйкестігіне, ал ақыл мен қисынның толысып кемелденуі өз кезегінде ғылым-білімге тікелей қатысты. Сол себепті ғылым-білім жоқ жерде ақыл – жарамсыз, қисын – алдамшы, шешім – орашолақ.

Осы тұрғындан келгенде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Сыр өңіріндегі атқарып келе жатқан жұмысы да, алда атқарар асулары да мол.

         Алғаш құрылғаннан бері   білім ошағының алдында зор міндеттер тұрған болатын. Оның бастысы ел экономикасының дамуына зиялы қауым ретінде ұйытқы болып, заман талабына сай мамандар даярлап, ғылымды игеру тұғын. Ал ғылымды игерудегі мақсат – білімнің адам баласына жөн сілтеп, бағыт-бағдар көрсетуі.

  Көп салалы  өңірлік университет ретіндегі 85 жылдық тарихы тек ұжымның ғана емес, ол бүкіл өңіріміздің зиялы қауым тарихының ерекше кезеңі.

«Интеллект» - латын сөзі, түйсікті, ойшыл, есті, білімпаз деген ұғымды білдіретіндіктен, зиялы қауым, интеллигенция өкілдері көбіне білім мен ғылыми ортада топтасады.

Шын мәнінде интеллигенция дегеніміз – ғылым мен мәдениеттің сан-саласымен кәсіби айналысушы, мәдениетті дамытып, таратушы – ой, рухани еңбектің адамдары.

Интеллигенция – зиялылар, ең алдымен ғылымды, техниканы, өнерді, білімді дамытушы жасампаздар қауымы. Олар ой еңбегіне парасат пен демократиялық сипат береді.

 Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жағдайында еліміздің еңсесін түсіретін, ұлтымызға жат жиіркенішті дүниелердің алдын-алудың басында зиялы қауым болғанда ғана біз халқымыздың парасатын сақтаймыз, оның моральдық тазалығына мүмкіндік тудырамыз, ұлттың қарекеті болашақта мығым болуына үлес қосамыз.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығында емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Бұл жерде қоғамдық ғылымдардың орны маңызды.  Қоғамтанушы мамандар, ұлт пен өркениет,  ұлт пен ұлттық сана, ұлттық бостандық пен отаршылдық болмыс, ұлт пен ұлттық қарекет,  ұлт және ұлттық жаңғырту, ұлт пен ұлттық тәрбие, ұлт және ұлттық мәдениет сияқты күрделі проблемалар туралы философиялық, психологиялық, тарихи тұжырымдарды әлі де болса, көбірек елге жеткізсе дейміз. Өйткені, бұндай түбірлі мәселелерді әуесқойлардың ырқында қалдыруға болмайды. Бүгінгі күні елдегі мүмкіндікті пайдалануды білмей, өзінің жасамай жүргенін басқадан көріп, сын айтқансып, айғайлап жүргендер батыр емес. Жаңа заманға бейімделіп, еңбек етушілер батыр. Бүгінгі күні адамдар, өмірге бейімделе алғандар мен бейімделе алмағандар болып бөлінеді. Біздің ендігі міндетіміз жаңа ұрпаққа жол ашу, оларды дүбәрәлықтан құтқару, ұлттық сана-сезімді ояту, жаңарту ғана емес, оны түлету, шыңға шығуға бағыттау. Біздің жастарға беріп жатқан біліміміз Еуропа, Американың мықты оқу орындарынан оқуларынан артық емес шығар, бірақ олар Антей сияқты өз ұлтының, өзінің ата тарихынан, ана тілінен, ұлттық әдебиетінен, мәдениетінен нәрленіп өсуі тиіс. Әйтпесе, уызына тоймаған қозыдай әлсіз болады. Сөйтіп олардан шетелге табынғыш, жағынғыш ұлт элитасы шығады. Осы мақсатта университетіміздің алдында орасан зор белестер бар.

Барлық оқытушы-профессорлар мен қызметкерлерді, түлектерді, студенттерді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға бақ-береке тілейміз!

 

ҚҰРМЕТПЕН,
1991 жылғы «тарих және француз тілі»  мұғалімі мамандығының түлектері:
Облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы;
Өңірлік тілдерді дамыту орталығының бөлім басшысы
Мұсаева Нұрсауле Дүйсембайқызы

 

 

 

 

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

Call center

+7-7242-558877

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...