Қазақстан республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейі ашылды
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 23-53-92
  • 29 сәуір 2022
  • 2171

Қазақстан республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейі ашылды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты. 

Музейде Сыр еліндегі ежелгі елді мекендердің суландыру жүйелерінің пайда болу кезеңінен бастап, бүгінге дейінгі даму тарихы баяндалған. Аймақтың байырғы сыр мұрабтарының өмірі, ізін жалғастырған инженер-гидротехниктердің еңбегі, олардың зерттеулері мен карталары, тас бөгеті мен су тораптарының салынуы, су-шаруашылығы саласының өсіп өркендеуі суреттелген.

«Су мен жердің ерекшелігін, табиғаттың тілін, ауа-райының жағдайын жақсы білетін, ел алдындағы жауапкершілікті бәрінен биік қойған асыл азаматтардың бірі – Мәделхан Нәлібаев. Гидротехниктің еңбек жолына, атқарған еңбегіне қарап-ақ елге деген құрметі мен қамқорлығын аңғару қиын емес. Сыр перзенті тұтас елге игілік әкелетін жұмыстарға тәуекел етті, жанашырлықпен атқарды. Соңына із қалдырып, кейінгілерге бағыт берді.

Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын Мәделхан Нәлібаев Сыр мұрабтары мен диқандарының еңбегін, су шаруашылығындағы озық тәжірибелерді топтастырып, тарихи музейді ашу жұмыстарын ұйымдастырды. Биыл музейдің университеттегі №5 оқу ғимаратынан ашылуы мыңдағын студенттердің ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтарының да тарихи жәдігерлермен танысуына мүмкіндік бермек»,-деді Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректордың м.а. Абайбек Жүнісов. 

P1866268.jpg   

P1866286.jpg

Сыр мұрабтары мен диқандарының, су және суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың озық тәжірибелерін тарихи деректермен сабақтастырып, алдағы атқарылар үлкен істерге бағдар болатын мұражайдың заманауи үлгіде жабдықталуына Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев демеушілік жасады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде гидромелиорация және ауыл шаруашылығы құрылысы мамандықтары бойынша  алғашқы түлектер 1981 жылы түлеп ұшты. Содан бері 2000-ға жуық маман білім алып, бүгінде ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы мекемелерінде, облыстық жер қатынастары басқармасында, қалалық жер-кадастрлық филиалдарында, мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының кәсіпорындарында, ел экономикасының түрлі салаларында жұмыс атқаруда.

Қазіргі таңда «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасында   3 профессор, 6 ғылым кандидаты, 4 PhD доктор, 5 магистр қызмет етеді. Профессор-оқытушылар дайындаған 23 студент халықаралық, республикалық конференциялардың жүлдегері. Ал 125-ке жуық студент пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанған.

 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Байланыс телефоны: 87242 26-21-34
e-mail: kmu.kmu@list.ru

 

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

Call center

+7-7242-558877

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...