Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
ksu@korkyt.kz +7242 26-27-14, Қабылдау комиссиясы +7242 23-53-92
  • 24 маусым 2022
  • 2196

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Алаш қайраткерлерінің Қызылорда кезеңі және А.Байтұрсынұлы» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға шетелдік және отандық ғалымдар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, Zoom платформасы арқылы да баяндамалар оқылып, тікелей эфирде ел назарына ұсынылды.

Конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова жүргізіп, қазақ елінің жарқын болашағы үшін күрескен Алаш арыстарының еңбегі туралы кеңінен атап өтті.

Алаш арыстары өз халқының алдында перзенттік парызын адал атқарған  тұлғалар. Алаштық ұстаным қашанда елдің өсуі мен өркендеуінің қайнар бұлағы. Әрдайым солай болып қала береді.

1918 -1920 жылдары егеменді сыртқы саясатын жүзеге асырған Алаш Орда үкіметі қызмет еткені белгілі. Жақында көрнекті Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековтің 1919 жылғы қаңтарда Алаш Орда үкіметінің атынан Жапон үкіметіне «егеменді Алаш  республикасын мойындау, екіжақты қарым-қатынас орнату және жас Қазақ мемлекетіне көмек беруді» өтінген хаты табылды. Хатта сонымен қатар, Алаш Орданың  Ұлттар лигасының жарғысы талқыланатын Париждегі бейбіт конференцияға өз өкілін жолдамақ жоспары айтылған. Тұңғыш мәжілісі 1920 жылдың қаңтарында өткізілген Париж конференциясына  Алаш Орданың өкілі ретінде Мұстафа Шоқай қатысқан, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы. 

Жиында ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, түркітанушы, публицист, аудармашы, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен еңбектері туралы кеңінен айтылды. Ғалымдар «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш мұрасы»,  «Алаш қайраткерлерінің Қызылорда кезеңі», «Ахмет Байтұрсынұлының түркологияға қосқан үлесі», «Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттану ғылымындағы орны», «Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімі ғылымындағы орны» бағыттары бойынша баяндамалар жасады.

Конференцияда тіл білімінің мамандары қазақ тілінің қолданылуы аясы, әліпби туралы да сөз қозғады. Айталық, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті Болат Боранбай «Жазу мен сөйлеу тек тілші әдебиетшіге ғана емес барлық адамдарға керек. Оқушыны сол дұрыс сөйлеу мен жазуға үйрететін пән – Қазақ тілі. Сондықтан қазақ тілінің сағат саны әдебиеттен көп болу керек» деген пікірін білдірді.

Айта кету керек, жиынға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, Қажы Байрам университетінің профессоры Хулия Касапоглу, тарих ғылымдарының докторы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Тұрсұн Хазіретәлі, филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры Сағат Тайман қатысты.

Шара барысында Алаш қайраткерлерінің Қызылорда кезеңі және Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу еңбектері жинақталған кітап көрмесі таныстырылды.

 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Байланыс телефоны: 87242 26-21-34
e-mail: kmu.kmu@list.ru

Қолжетімді қызметтер

PLATONUS

platonus.kz

E-univer

https://e-univer.korkyt.kz/

Call center

+7-7242-558877

МООK

МООK (Жаппай ашық онлайн сабақ)

Erasmus

erasmus

Сабақ кестесі

толығырақ...

Ғылыми кітапхана

толығырақ...